СҚО-да биыл жіті ішек инфекциясымен 151 адам ауырды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жарты жылда 151 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған. Бұл дерт жұқпалы аурулардың ішінде таралуы жағынан тұмау мен жіті респираторлық инфекциялардан кейін үшінші орында келеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

 

СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожинаның айтуынша, биыл сырқаттанған 151 адамның 48-і – 14 жасқа дейінгі бала. Жалпы, сырқаттанушылық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр.

 

«Жіті ішек инфекциялары осы уақытқа дейін инфекциялық патологияда жетекші орын алады. Жіті ішек инфекциясы – патогендік, яғни шигелла, сальмонелла, т.б. және шартты-патогендік бактериялардан, протей, клебсиелла, клостридия және т.б., вирустардан -рота-, астро-, Норфолк топтары, т.б. және қарапайымдылардан -амеба, лямблия, криптоспоридия және т.б. туатын инфекцияның энтеральды механизмі бар адамның жұқпалы ауруларының үлкен тобы. Ішек инфекциясы жылдың кез келген уақытында, соның ішінде көбінесе вирустық – суық мезгілде, бактериялық – жылы мезгілде кездеседі», — дейді Салтанат Бекқожина.

 

Күннің ысуы микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы әсер етеді. Салдарынан өткір ішек инфекцияларымен ауыру жиілейді. Әсіресе, балалар ішек инфекцияларына бейім, өйткені балалар ашық ауада көбірек уақыт өткізеді, қолдарының кір екендігін ұмытып, жемістерді жумай, қайнатылмаған су ішіп, сыртта тамақтануды жөн көреді. Ал, жылы жерде қалдырылған тағамдарда ауру тудыратын микроағзалар тез көбейеді.

 

«Инфекция көзі – ауру адамдар мен бактерия тасымалдаушылар. Іш өту күніне 5 реттен жиі болғанда, бірнеше рет құсып, нәжісте қан пайда болса, іштің ауыруы, әлсіздік пен шөлдеу байқалса бірден дәрігерге көрінген жөн. Ішек инфекцияларында дене температурасының жоғарылауы жиі кездесетін, бірақ міндетті емес көрінісі», — дейді санитар дәрігер.

 

Маманның айтуынша, балалардағы жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін қатаң сақтап, қолды сабынмен жиі және мұқият жууды әдетке айналдыру қажет. Әсіресе, тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды жуу керек.

 

«Қайнатылған, бөтелкедегі немесе сапалы суды қолданыңыз. Көкөністерді, жемістерді, жидектерді ағынды су астында қолданар алдында мұқият жуыңыз. Кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан азық-түлік сатып алмаңыз. Ыстық және суық тағамдарды дайындау кезінде гигиена ережелерін сақтау, әсіресе тез бұзылатын тағамдар, шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бөлек сақтауды ұмытпау. Тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият қуырып барып пайдалану, жаңа дайындалған тағамды алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырмау, егер дайын тағам қалса, оны келесі күні қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу – ішек инфекциясының алдын алады. Қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинамаңыз, шыбындар мен тарақандардың пайда болуына жол бермеңіз. Тұрғын үйді үнемі таза ұстау және жеке гигиена ережелерін сақтау, кішкентай балаларға қайнатылмаған сүт, шикі жұмыртқа бермеу, тамақ дайындау үшін тек сапалы өнімдерді пайдалану – әдетке айналуы тиіс», — дейді Салтанат Бекқожина.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz