Өнім сапасы – өзекті мәселе

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыстағы ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер өңірге арнайы келген «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовқа кәсіпорындарының жұмысы мен ушығып тұрған мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Қызылжар ауданындағы «Қызылжар сүт» заманауи сүт фермасы 2020 жылдың аяғында жұмысын бастады. Жобаның құны шамамен 4 миллиард теңгені құрайды. Қаражаттың бір бөлігі «Солтүстік» ӘКК және Аграрлық-несиелік корпорациясы арқылы алынған. Шаруа қожалығында 60-қа жуық адам жұмыс істейді, оның 90 пайызы жақын маңдағы Чапаево ауылының тұрғындары. Орташа жалақы – 220 мың теңге.

Фермада барлығы мүмкіндігінше автоматтандырылған. Директор Олжас Бектасов құрылыс жүргізген кезде сүтті мал шаруашылығындағы барлық үрдістерді ескеруге тырысқанын атап өтті.

Қазір шаруашылықта мыңнан астам ірі қара болса, оның 630-ы – сауын сиыр. Әрқайсысы күніне 29-30 литр сүт береді. Оны үш жергілікті сүт өңдеу зауыты сатып алады. Өнімнің майлылығы 4% құрайды.

О.Бектасов биыл сүттің сатып алу бағасы 250 теңгеден 205 теңгеге арзандағанын айтады. Зауыттар мұндай қадамға импорттық өнімдердің кесірінен баруға мәжбүр.

«Северный бройлер» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Талғат Мақтаев Аққайың ауданындағы жас құс фабрикасындағы проблемаға тоқталды.

«Біз әлі толық іске қосылған жоқпыз. Жыл басынан бері 500 тонна құс еті өндірілді. Біз өз облысымызда, Ақмола облысына, Астанаға өнім жеткіземіз, Қостанай облысының нарығына шығамыз. Бір жылдан кейін 10 мың тоннаға жетеміз. Біздің ерекшелігіміз антибиотиктерді қолданбаймыз. Зауыт соңғы технологиямен жабдықталған. Технологиялық тұрғыдан дұрыс салынған алты құс қорасы бар. Тағы алтауын салып, жем зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Біз бағаны түсіреміз деп жатырмыз, бірақ шығынға батқымыз келмейді», — деді Т.Мақтаев.

Қазір құс фабрикасында 170 адам жұмыс істейді. Өндіріс көлемі артқан сайын жұмыс орындары да көбейеді. Зауыттағы орташа жалақы 220-250 мың теңгені құрайды.

Жобаның жалпы құны – 11,2 млрд теңге. 8 млрд теңгеге жуық қарыз қаражатты «СПК Солтүстiк» компаниясы алған.

«Бұл ақшаға құс қораларын, инкубатор ғимаратын, зертханаларды, салмақ өлшейтін бөлмені, дезинсекциялық бөгет салуға жұмсаймыз. СПК несиесі бізге үлкен көмек. Алынған қаражат есебінен негізгі заттар сатып алынды», — деді Т.Мақтаев.

Кәсіпкерлерді тыңдаған Р.Баталов облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы тәжірибесі инвестиция тарту үшін маңызды екенін атап өтті.

«ӘКК арқылы қаржыландыру моделі жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағыдай  ӘКК қолдау құралдары арқылы инвестиция тарту тәжірибесі басқа өңірлерде де жүзеге асырылатын болады. Біз тағы бір рет артықшылықтар мен кемшіліктерді егжей-тегжейлі талқылаймыз. Бизнестің қандай қиындықтарға тап болатынын білеміз. Біз ұстануға тиісті ережелер бар. Өнімнің сапасына мұқият болуымыз керек. Біз өз өндірісімізді дамытамыз және мұнда бақылау өте қатаң болады. Барлығының тең дәрежеде болғанын қалаймыз. Сөреде сапалы өнім болуы керек. Бүгінгі сапарымыздан кейін алынған ақпаратты талдап, Үкіметке нақтырақ, түсінікті, тиімді ұсыныстар береміз», —  деді Р.Баталов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz