Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында 7 жасар бала жарақат алды. Ол ойнап жүріп шығып тұрған арматураны басып кеткен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Петропавлдағы Жамбыл Жабаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Кешқұрым ойын алаңында жүрген 7 жасар бала жерде ұшы шығып тұрған арматураны байқамай басып кеткен. Жан даусы шыққан балаға бірден жедел жәрдем қызметі шақырылды. Алайда оларға құтқарушылардың көмегі қажет болды.
«Біз оқиға орнына жедел жеттік. Бала қатты қорыққан, есеңгіреп қалыпты. Ата-анасымен бірге оны алдандырып, іске кірістік. Металл шыбықты кесу үшін гидрокескішті қолдануға тура келді. Баланы темірден босатып, жедел жәрдем бригадасына тапсырдық», — дейді құтқару бөлімшесінің жетекшісі Ағыбай Нұрғужинов.
Арматура баланың еті мен сіңірлеріне зақым келтірмеген, операция сәтті өтті.
«Біздің жұмысымызда түрлі жағдайлар болып тұрады. Саусақтан сақина шешу, шатырдан немесе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарынан терезелерге түсіп, пәтерлерді ашу, апаттардан зардап шеккендерді автокөліктерінен шығару. Өткен жылдың күзінде аяғын ағаштың жарығына тығып, қысылып қалған 10 жасар балаға көмектестік», — дейді Ағыбай Нұрғужинов.
СҚО құтқарушылары жыл басынан бері 160 шақыртуға барып, 70 адамды құтқарды.