Солтүстік Қазақстан облысының құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінде қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың мұрағат қорында 68 148 жеке іс және 119 773 карточка бар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Брифингте аталған департаменттің аға прокуроры Зарина Ақпанова ақпараттың 2007 жылы құпиясыздандырылғанын айтты.
«Елбасының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды, оның негізгі міндеті кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады. Департаментер мұрағаттарында сақтаулы тұрған қорларды зерделеу қорытындысы бойынша олар Алматы қаласында орналасқан Президент мұрағатына тапсырылуы керек. 2021 жылдың қараша айында қорларды цифрландыру жұмыстары басталды және биыл аяқталды. Қазір материалдар Президент мұрағатына тапсыру үшін дайындалуда», — деді З.Ақпанова.