СҚО-ға келетін шетелдік туристер саны үш есе артқан

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында туризм саласын дамытуға жыл басынан 5,56 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО қоғамдық кеңесінде өңірдің туризм әлеуеті талқыға түсті. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту және лицензия бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдиновтың айтуынша, қазір Имантау-Шалқар курорттық аймағында 42 демалыс орны жұмыс істейді, оның 10-ы қонақтарды жыл бойы қабылдай алады. Демалыс сапасын арттыру үшін жылда материалдық-техникалық базасы жаңартылып, көрсетілетін қызмет саны артып келеді.

«Шалқар көлінде суда құтқару постын салу үшін 18,7 млн теңгеге оның жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Құрылысы келер жылы басталады. «Транстелеком» АҚ осы аймақта ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін 6 антенна-мачта құрылысын орнатады. Қазір құжаты әзірленіп жатыр. Жалпы, жыл басынан СҚО-да туризм саласына 5,56 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 1,2 млрд теңгесіне 7 жоба осы курорттық аймақта жүзеге асырылады», — дейді Қанат Шамсутдинов.

Маманның айтуынша, жоба ауқымды. Бұған дейін қолбайлау болған мәселе шешілді, енді инвесторлар іске кіріспек.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас жоспары ұзақ уақыт бекітілмей, біз де курорттық аймаққа инвесторларды тарта алмадық. Былтыр бас жоба қабылданды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер заманауи эко-отель, глэмпинг, автокараванингтердің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Инвестиция – шамамен 4,5 млрд теңге», — дейді бөлім басшысы.

Жол мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Соңғы бес жылда мұнда 8 млрд теңгеге 250 км жол жөнделді.

«Былтырдан бастап туризм саласында мемлекеттік қолдау шаралары бар. Мәселен, туристік қызмет нысандарын және жол бойындағы сервис объектілерін салу немесе реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10%-ы, туравтобустарды сатып алу құнының 25%-ы қайтарылады. Санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсалған шығындардың бір бөлігі үшін кәсіпкерлерге ай сайын 83 300 теңге көлемінде өтейміз», — дейді Қанат Шамсутдинов.

Биылғы бірінші тоқсанда өңірге 24,2 мың турист келген, оның 2,1 мыңы – шетелдік. Шекара асып келген демалушылардың саны үш есе өсіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz