СҚО-да биыл созылмалы вирусты гепатиттің 80 жағдайы тіркелді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

28 шілде – дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні. Солтүстік Қазақстан облысында жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қауіпті вирусты 80 адам жұқтырған.

Вирусты гепатиттер – жиі кездесетін және қауіпті жұқпалы аурулар. Гепатит вирустарының A, B, C, D және E деген бес түрі бар.

«Вирусты гепатиттер бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді, әртүрлі вирустардан туындайды, ең алдымен адамның бауырына әсер етеді және оның қабынуын тудырады. Бұл жағдайда ағзада зат алмасу бұзылады. Вирусты гепатит ауру адам немесе вирус тасымалдаушыдан жұғады. А және Е гепатит вирустары ішек инфекциясы ретінде ластанған өнімдер және сумен, лас қолдар арқылы таралады. А және Е гепатитінің вирусы науқастың нәжісімен су мен топыраққа тарайды, адамның кір қолынан тұрмыстық заттарға жұғып, тағамға түседі. Жаздың аяғында және күзгі кезеңде ауыратындар саны артады», — дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, В, С және D вирусты гепатитінде вирустар ағзадан ішек арқылы шықпай, ол ауру кезінде қанға енеді. Гепатитпен ауырған бірқатар адамда ол өмір бойы сақталады. Сондықтан, В гепатитін бұрын ауырған, қазір ауру белгісі жоқтар да таратуы мүмкін.

«Вирус қан арқылы, терідегі жара немесе басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы берілуі мүмкін. Инфекция әдетте нашақорларда ластанған инелер арқылы, кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде, науқаспен немесе вирус тасымалдаушымен ортақ жеке заттарды (қайшы, ұстара және т.б.) пайдалану кезінде жұғады. Егер анасы жұқтырған болса, баласына жұғуы мүмкін. В гепатитімен барлық жастағы адамдар ауырады, бірақ көбінесе жасөспірімдер мен жастар жұқтырады. Гепатит ауруының негізгі белгілері – дененің сарғыш тартуы. Сондай-ақ, тағамнан бас тартып, жүрек айниды, тәбет төмендейді, тері қышиды. Буындар ауыруы мүмкін, температура, жөтел, мұрыннан су ағу пайда болуы мүмкін. Зәр күңгірт, қара шайдың түсіндей болады және нәжістің түсі өзгереді. Көбінесе сарғаю пайда болмауы мүмкін. Аурудың бұл нұсқасы вирустық гепатиттің сарғаюсыз түрі деп аталады», — дейді дәрігер.

Жіті вирусты гепатитпен ауыратын науқастарды жұқпалы аурулар ауруханасында емдеу керек. Ауру, тіпті бастапқыда жеңіл өтсе де, күтпеген жерден сырқаттың халі нашарлап, өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, науқас басқаларға қауіпті. Гепатитті емдеуде ең бастысы – диета. Оны ауруханадан шыққаннан кейін де бір жыл ұстау керек болады.

«Вирусты гепатиттің алдын алудың жолы — санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау. Дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды мұқият жуу, өзен, тоған, көлдің суын қайнатпай ішпеу, жемістерді, көкөністерді ашық су қоймасының суымен жууға болмайды. Кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болыңыз және есірткі қолданбаңыз. Тұрмыста тек қана жеке гигиена керек-жарақтарын пайдалану керек», — дейді Салтанат Бекқожина.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz