Солтүстік Қазақстан облысында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, полицейлер бес күнде есірткіге қатысты заңбұзушылықтың 20 дерегін анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада дәріханалар мен медициналық мекемелер полиция қызметкерлерінің назарында болды. Тәртіп сақшылары құрамында есірткісі бар заттардың заңды айналымына қатысты ережелердің сақталуын тексерді. Мұндай заттар қылмыстық ортаға түсіп кетпеу үшін оларды сақтау және пайдалану заңмен қатаң бақылауға алынған. Полицейлер өз жұмысында прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындарды да тексерді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл саладағы мамандар жұмыстарына жауапкершілікпен қараған, дегенмен 11 құқық бұзушылық анықталды. Олардың арасында Петропавлдағы дәріханалардың бірінде әсер ету күші қатты дәрілік затты рецептісіз сату фактісі де бар. Фармацевт ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапқа тартылды.
«Бұл жұмыс 24-28 шілде аралығында өткен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді. Сонымен бірге, басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар да тоқтатылмады. 5 күнде 200 г астам α-PvP синтетикалық есірткісі, 42 кг кептірілмеген марихуана тәркіленді. Жедел-профилактикалық іс-шара өткен уақытта есірткіге қатысты 20 құқық бұзушылық анықталды, оның 9-ы — қылмыстық, оның ішінде 3-еуі — есірткі өткізу фактісі. Анықталған деректерге қатысты сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процестік шешімдер қабылданады», — дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.