СҚО кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдер кеңесінің төрағасы және өңірлік тәлімгер Әсел Есжанова бизнесте кәсіп дөңгелеткен қыз-келіншектерге «мастерминд» өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мамыр-маусым айларынан бастап, облыстық кәсіпкерлер палатасы «Тәлімгер көмегі» қызметін пайдаланғысы келетін кәсіпкерлерді анықтады. Оның нәтижесінде іріктеуден өткен бизнеспен айналысатын 12 әйелді анықтады.
«Тәлімгер көмегі» қызметі кәсіпкерлерге 3-6 ай бойы көрсетіледі. Осы уақыттың ішінде тәлімгерлер (менторлар) бизнесмен қыз-келіншектердің жұмысын бағалап, кәсіптерін дамытуға қатысты кеңес-ұсыныстарын білдіреді.
Өңірлік тәлімгер Әсел Есжанованың айтуынша, мастермайнд ментор мен кәсіпкер арасындағы қарым-қатынасты орнатуға және бизнестің жаңа көкжиектерін ашуға көмектестеді.
– Мастермайндта «Тәлімгер көмегі» қызметі жайлы толыққанды ақпарат беріліп, ментор мен бизнесмен арасындағы ортақ міндеттер мен мақсаттар айқындалды. Өздеріңіз білетіндей, кәсіп ашу және оны дамыту қиын жұмыс. Бұл ретте біздің қызметіміз көмекке келеді. «Атамекен» өңірлік палатасы әрқашан облыста кәсіпкерлікті дамытуды мақсат етеді. Биыл тәлімгерлер өз тәжірибелерімен бөліседі деген үміттемін, – дейді Әсел Есжанова.