Пестрое көлінің жағасында жергілікті еріктілердің қатысуымен «Clear-fest» фестивалі өтті. Экологиялық, спорттық шара қоршаған ортаны тазартып, салауатты өмір салтын насихаттау үшін ұйымдастырылып отыр. Игі шараға 50-ге жуық ерікті қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Фестиваль аясында түрлі командалық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Олардың бір тобы уақытқа жүгіруден сынға түссе, енді біреулері қоқыс жинап жарысты. 4 адамнан тұратын 7 команданың белсенділері 40 минуттың ішінде қолдан келгенше көп аумақты тазалауға тырысты. Шараға жиналғандардың қатарында табиғатқа жанашыр жастардан бөлек аға буын өкілдерінен құралған «күміс волонтерлер» де бар. Нәтижесінде Пестрое көлінің маңынан 532 келі қоқыс жиналды. Бірінші орынға аз уақыттың ішінде 132 келі қалдықты жағажайдан жинаған «Көмек қасыңда» командасы иеленді. Фестиваль соңында барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен марапаттар табысталды.
–Шарамызға облыс орталығының 50-дей белсенді тұрғыны қатысты. Жеңімпаз командалардан бөлек «Үздік капитан» аталымында да сыйлық тағайындадық. Осылайша халықтың экологиялық мәдениетін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттағымыз келеді. Бүгінгі фестивальге жастармен қатар аға буын өкілдерінің де көптеп келгені қуантып отыр, – дейді шара ұйымдастырушысы, «Саламатты өмір салты үшін» жастар ұйымының жетекшісі Лидия Грабань.