Петропавлдағы автобус аялдамаларында электрондық таблоларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қоғамдық көліктердің аялдамаларға қатынау уақыты көрсетілетін электрондық таблолар қыркүйек айында іске қосылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров мәлім етті.
— Бүгіндері Петропавлдың автобус аялдамаларында 31 электрондық табло бар. Өкініштісі, барлығы істен шыққан. Оларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйекте жолаушылар өздері қатынайтын қоғамдық көліктердің уақытын қарауға мүмкіндік алмақ. Қазіргі уақытта біз жолаушылар ағынын бақылайтын датчиктер бойынша байқау өткізудеміз. Бұл құрылғылардың көмегімен тасымалдаушылардың көрсетіп отырған қызметін бақылауда ұстайтын боламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Әділбек Әубәкіровтің сөзінше, қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Бүгіндері әлі де жолаушыларды тасымалдайтын жүз автобус қажет болып отыр.