Петропавлда автомотоспорттан сайыс өтті. Мұндай жарыстар облыста 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл дода өңірімізде жылына төрт рет ұйымдастырылады. Жаздың әр айының басында өткізілген үшеуі – сайыс түрінде болса, күздегі кезеңі қайырымдылық қорына қаржы жинау мақсатын көздейді.
– Біз қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстаймыз. Облыстық төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің мамандарына, медицина қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Олар сайысқа жіберілетін көліктердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің денсаулықтарын алдын ала тексерді. Жүргізушілерден бастарына шлем кию талап етілді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Евгений Мурыгин.
Республикалық автоспорт сайысына өңірімізден, Павлодар, Ақмола облыстарынан жалпы саны 43 адам қатысты. Олардың қатарында бір нәзік жан, тоғыз жасар бала болды.
Ең кішкентай қатысушы, көкшетаулық Артур Набиулин — төртінші сынып оқушысы. Қолында Қазақстан Республикасы автомотоспорт федерациясының берген сертификаты бар. Оның қасына ересек адам отырды.
– Маған көлік жүргізуді әкем үйретті. Ол өзі бұрын осындай додаға талай қатысып, жеңімпаз атанған. Шынымды айтсам, сайыс басталған алғашқы минуттарда аздап қорықтым. Дода қыза түскенде қорқынышым су сепкендей басылды, – дейді ол.
Артур Набиулинді автоспорт саласында жүрген ең жас пилот деп айта аламыз. Қолына құжат тигелі жеті ай болған жас автомобилист биыл қыста өткен мұз үстіндегі жарыста жүлделі үшінші орынға ие болған.
Қырық үш пилот артқы жетек, алдыңғы жетек және толықтай жетек деген санатпен үш топқа бөлініп сайысты. Жиналған жанкүйерлердің басым бөлігі қатысушылардың туған-туыстары. Осыдан бұл әуесқойлықтың әкеден балаға берілетінін аңғаруға болады. Петропавлдық пилот Евгений Марк атасы сыйға тартқан 1977 жылғы «Жигулиді» додаға қосып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Ол сайысқа қатыстырылған ең ескі көлік. Сыры кетпеген жаңа көліктер де аз болмады.
Сайыстың ережесі бойынша жеребе тасталып, көліктер қос-қостан алаңға шығып, пилоттар жүрізу шеберліктерін сынға салды. Екі рет ұтылғандар, саптан шығарылды. Талап барлығына ортақ. Қатысушылардың қай-қайсысы болмасын техниканың тілін жақсы білетіндер.
Алдыңғы жетек санаты бойынша бірінші орынды петропавлдық Юрий Кемчан, екінші орынды жерлесіміз Виталий Сотниченко, үшінші орынды астаналық Дамир Нүрпейсов жеңіп алды. Ал артқы жетекте бірінші орын тұғырына петропавлдық Алексей Ерехин көтерілсе, кейінгі орындарды көкшетаулықтар Федор Панов пен Шәкірім Ұқанов бөлісті. Толық жетектегі жүлделі орындарды астаналық Руслан Тілеуімбетов, петропавлдықтар Иван Форш пен Арман Күрлеуітов қанжығаларына байлады.