Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы мектептердің алдағы оқу жылына дайындығын тексерді. Қазіргі уақтытта білім ордаларында ағымдағы жөндеу, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру, сыныптарды жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айдарбек Сейпілұлы 25 тамызға дейін жұмыстарды тездетіп, әрі сапалы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы алдымен Петропавлдағы нөмір 17-ші мектепке барды. Биыл бұл білім ордасында толығымен кәріз жүйесі жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарына «СпектрСтройсевер» серіктестігі жауапты. Ғимаратты жөндеуге бюджеттен 17 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, мектепте ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, қабырғалары сырланып, линолеумдері ауыстырылып жатыр.
Кейін Айдарбек Сейпілұлы Петропавлдағы «BEST» гимназиясына барды. Қазір мұнда 900-ден астам оқушы білім алады. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары осыдан бес жыл бұрын жүргізілген. Қазіргі уақытта тек ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында Айдарбек Сапаров мектеп ауласының жағдайына назар аударды. Көгал шабылмаған, футбол алаңы да көңіл көншітпейді. Мектеп ауласының жолдарында шұңқырлар мен кәріз құдықтары бар. Облыс әкімі жаңа оқу жылына дейін барлық олқылықты түзетуді тапсырды.
– Мектептегі көгалды ретке келтіріңіздер. Бір футбол алаңын орнатыңыз.Орталықта орналасқан білім ордасы болғандықтан, балалар кез-келген уақытта, демалыс кезінде де мұнда келіп ойнай алатын болу керек, — деді СҚО әкімі.
Аймақ басшысы «Дарын» мектеп-лицейіне де барды. Оқу орнының жылу жүейсіне қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджетен 38 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарына Қарағандылық компания «Тілек-2030» ЖШС жауапты. Алайда олар шамамен бір апта бұрын ғана жұмысқа толық кіріскен. Мектепке заманауи Қазақстанда және көршілес елдерде жоқ жылыту құрылғылары орнатылып жатыр. Бірақ, жұмысқа тек 2 адам ғана тартылған.
Техникалық қадағалауға жауапты мамандардың сөзінше, серіктестік жөндеу жұмыстарына 10-нан астам адамды жұмылдырса ғана 25 тамызға дейін үлгеруі мүмкін. Алайда, мердігер компанияның басшысы жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын және белгіленген уақытқа дейін аяқтайтынын айтты. Айдарбек Сапаров оның сөзіне күмән келтіріп, келісімшартты бұзу қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы Петропавлдағы Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына да барды. Мұнда 500 оқушы білім алады және олардың көбі интернатта тұрып оқиды. Қазір мектептегі жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген.Тексеру барысында облыс әкімі мектептің жаңа оқу жылына мүлдем дайын еместігін атап өтті. Санитарлық бөлмедегі душтар дұрыс істемейді, дәретханалардың да жағдайы мәз емес, спортзалға тіптен кіріп болмайды. Ал бұл — мектептегі мәселелердің бір парасы ғана. Нысанның төлқұжаты бойынша жұмыс шілде айында аяқталуы керек болған. Петропавлдағы басқа мектептерде сияқты, бұл білім ордасының да аула аумағы көңіл көншітпейді. Облыс әкімі бұл жерге жаңадан мектеп-интернат салу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ мектептің аумағын абаттандыру керек екенін де атап өтті.
– Жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіп, ғимараттың ішін жөнге келтіру керек. Сыртын да қаптау керек. Спорт залы бар жақсы интернат салу қажет, — деді Айдарбек Сапаров.
Мектептерді тексеру барысында аймақ басшысы қалалық жалпы білім беретін ІТ лицейіне де соқты. Білім ордасында ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Алайда, мектеп ғимараты жеке кәсіпкерге тиесілі. Ай сайын мемлекет 500 мың теңге беріп, нысанды жалға алып отыр. Сол себепті де, оқушылар үшін кәсіпкер барлық жағдайды жасауы керек деді облыс әкімі А.Сапаров. Аймақ басшысы Петропавлдағы нөмір 27 мектепті де тексерді. Білім ордасындағы сумен жабьыдқтау жүйесіне күрделу жөндеу жүрзіліп жатыр. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 22 млн тенге бөлінген.Мектептің спорт залы жөнделіп, сыныптары да ретке келтерілген. Білім ордасыны 60 жылдық тарихы болса да, мектептің жағдайы жақсы, аббаттандыру жоғары деңгейде жүргізілген.
– 6-7 мектепті аралап шықтым. Білім ордалары 1 қыркүйекке дайын емес. Мен жедел кеңес өткіздім, тапсырмалар бердім. Еш өзгеріс көріп тұрғаным жоқ. Жұмысты күшейтуіміз қажет. Аппарат шұғыл және тез арада комиссия құруы керек. 3 адамнан бөлініп, олар әр аудандардағы мектептерді қадағалап шығулары керек. Ал қала бойынша 5 комиссия құрыңыз. Петропавлдың барлық мектептері қамтылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарына да назар аудару керек. Әр сыныпты жіті тексеру қажет. Жылыту маусымына дайындық пысықталсын. Аудандарға көмірдің уақытылы жеткізілуін назарға алыңыздар, — деді Айдарбек Сапаров.