Оқушылар сарайындағы «Жазғы академия» лагерінің «Happy holidays» атты 4-ші маусымы аяқталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
10 күнге созылған қызыққа толы уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
Бұл күндері балалар жаратылыстану-математикалық, гуманитарлық бағыттағы қызықты және танымдық сабақтарға қатысып қана қоймай, түрлі іс-шараларға, зияткерлік ойындарға, квесттерге, ойын-сауық викториналарына, спорттық ойындарға, жарыстарға және т. б. іс-шараларға атсалысқан.
Балаларға арналған бұл «Жазғы академия» Оқушылар сарайы ашылғаннан бастап ұйымдастырылып келеді. Өткен жылдары бағдарлама жалпылай ұйымдастырылса, биыл ұстаздар бір маусымды арнайы бір бағытқа арнауды жөн көрген. Мәселен, 1-ші маусым технология, 2-шісі биологиялық бағытқа арналған.
«Жазғы академияның» жабылу салтанатында балалар мерекелік концерт ұйымдастырып, әр топ өзінің таланты мен шығармашылығын көрсетуге тырысты. Олар өлең оқып, ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнап, би биледі. Ең белсенді жас «академиктер» Алғыс хаттармен марапатталды.
Жазғы академияға барған әрбір бала жаңа достар тауып, сарқылмас білім алып, ұмытылмас сәттерді бастан кешті.