Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №50 түзету мекемесіне баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Мекемеде 200-ден астам сотталған әйел жазасын өтеуде. Мекеме аумағында 8 серіктестік жұмыс істейді. Олар киім тігу, жұмсақ ойыншықтар, жылыжайлар, тротуарларға арналған плиткалар жасаумен айналысуда. Сотталғандардың 96,8 пайызы жұмыспен қамтылған. Жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі ұрлық жасап, істі болғандар, — дейді №50 түзету мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Қанат Сүлейменов.
Оның айтуынша, мекеме аумағында орналасқан арнайы мектептерде және колледждерде бірнеше мамандық (тігінші, қаптаушы, дизайнер-модельер, шаштараз, ландшафт дизайнері) бойынша орта және арнайы орта білім алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ әр жұма сайын сотталғандар арасында тәрбиелік бағыттағы іс шаралар өткізіледі. Элегия әдеби клубы, дебат клубы, костюмдерді тігу, актерлік шеберлік клубы, концерттер ұйымдастырылып тұрады. Мекемедегі «Щеголева», «Мурсалимова», «Шмагнов», «Данилова» , «Логинова», «Башимов» жеке кәсіпкерліктері «Еңбекпен тамақ та, киім де табылады!» деген қағиданы ұранға айналдырған.