СҚО-да полиция қызметкерлері көшеде құлап қалған зейнеткерге медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Осыдан бірер күн бұрын тылдық қамтамасыз ету басқармасының ғимараттарды күзету бөлімшесінің полицейлері департамент ғимаратының маңында тротуарда отырған қарт әжейді байқады. Зейнеткердің айтуынша, сол маңнан өтіп бара жатып сүрініп, құлаған. Тәртіп сақшылар Еркебұлан Әкімбек пен Талғат Қайырбек оны бақылау-өткізу пунктіне алып келіп, дәрі қобдишасындағы заттармен алғашқы медициналық көмек көрсетті. Зейнеткер әйел алғысын айтып, үйіне кетті.
– Арнайы даярлық сабақтарында барлық полиция қызметкерлерін осындай жағдайлар болған кезде дұрыс әрекет етуге үйретеді. Еркебұлан Әкімбек пен Талғат Қайырбек те полицияға қызметке жуырда ғана орналасты. Екеуі де әскер қатарында мерзімді қызметтен өткен. Тәртіптерімен және қызметке деген жауапкершілігімен ерекшеленеді, – дейді СҚО ПД тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Асхат Жомартов.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарына уақытылы көмек көрсететін осындай жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ, қауырт жұмыс пен тәртіп сақшыларының қарапайымдылығынан мұндай фактілер жария етілмейді. Олардың тек бір бөлігі ғана әлеуметтік желілерде алғыс түрінде жарияланады не болмаса басшылықтың атына хатпен келеді. Тәжірибе көрсеткендей, солтүстікқазақстандықтар патрульдік полиция қызметкерлеріне жиі алғыс білдіреді, өйткені олар төтенше жағдайлар болған жерлерге алғашқылардың бірі болып барады және кез келген ауа райында қала сыртындағы жолдарда адамдардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.