Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Әдістемелік кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарына әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды.
— Мемлекет басшысы қолдауымен жүзеге асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже береді. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру жолымен министрлік жүйелі жұмыс істеп жатыр, — деді департамент директоры Наталья Жұмаділдаева.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша кадрларды даярлау 39 ЖОО мен 119 колледжде жүргізіледі. Колледждер мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, «Педагог» кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын дербес жаңартады. Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.