Жыл басынан бері облыста 300-ге жуық жанжалқор әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Қаңтар айынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1402 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 296 құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды.
1 шілдеден бастап отбасылық жанжалқорларға қатысты жауапкершілік күшейді. Бұрын арыз жазылған жағдайда ғана шаралар қолданылса, енді тіркелген құқық бұзушылыққа байланыста полицейлер тиісті жазаны қолдана бастады.
№ 8 учаскелік полиция пунктіне Уәлиханов көшесіндегі жатақханалардың бірінің 76 жастағы тұрғынынан қоңырау келіп түсті. Қарт әйелдің айтуынша, оның 52 жастағы ұлы маскүнемдікке салынған. Үйде жанжал шығаруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы жазылып, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны, сот шешімін орындамағаны, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені және масаң күйде жүргені үшін әкімшілік заңнаманың бірден үш бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ер адамға 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы және қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды.
– Бұдан былай тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұрын отбасылық жанжал фактісі бойынша жиналған материалдардың жартысына жуығы сот отырысында татуласуға және жәбірленушінің өз жауабын өзгертуіне байланысты тоқтатылатын. Жәбір көрген тұлғалар жанжал шығарушының қысымының не болмаса туыстарының өтінішінің нәтижесінде жауабын өзгертетін. Енді тек бір рет қана сот арқылы татуласуға болады. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, – дейді СҚО ПД ЖПҚБ бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.