Облыста қызылшаның зертханалық расталған 12 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың мәліметінше, қызылшаның 8 дерегі Петропавлда, екеуі Мағжан Жұмабаев ауданында анықталса, Аққайың және Жамбыл аудандарында бір-бір фактіден тіркелді.
— Қызылшаның расталған жағдайларының ішінде үшеуінде облыс тұрғындары БАӘ, Ресей және Қырғызстан елдерінде демалып, сол мемлекеттерден жұқтырып алған. Сондай-ақ вакцинацияланбаған 14 жасқа дейінгі екі науқас бала да бар. Жалпы анықталған жағдайлардың 50% -да азаматтар екпе алудан бас тартқан. Екеуінің вакцинация мәртебесі белгісіз, — дейді Арман Күшбасов.
Қызылшамен ауырғандардың көбі, яғни жеті жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар болып табылады. Екі азамат 15-19 жаста болса, қалғандары 20-29 жас және 40-49 жас аралығындағылар.
— Қызылша — жұқпалы ауыр вирустық инфекция. Ол ауа тамшылары арқылы беріледі, шырышты қабықтарды жұқтырады, кейін бүкіл денеге тарайды, — дейді Арман Күшбасов.