Әлихан Смайылов Қытайдың ірі энергетикалық корпорациясымен келіссөздер жүргізді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қытайдың ұлттық машиналарды импорттау және экспорттау корпорациясының (CMC) вице-президенті Чжао Чжэнсянмен энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.

Үкімет басшысы Қазақстан таяу жылдары энергетикалық жүйені біріктіруді аяқтап, экономика мен халықтың электр энергияға қажеттілігін толық қамтуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, республиканың Электр энергетика саласын дамыту жөніндегі тиісті тұжырымдама қабылданды.

Қазіргі уақытта қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда, бұл 2027 жылға қарай 1700 МВт-тан астам қуатты іске қосуға мүмкіндік береді. Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру аяқталады, бұл алдағы күзгі-қысқы маусымда қосымша 500 МВт-пен қамтамасыз етпек.

Сонымен қатар Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған. Ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Батыс энергетикалық аймағының электр желілерін күшейту жобасын аяқтау жоспарланған және Оңтүстік аймақтың электр желілерін күшейту бойынша жоба әзірленуде.

— CMC-дің Қазақстанға инвестициялау бойынша тәжірибесі бар. Біз компанияның энергетикалық жобаларға қатысу арқылы инвестиция ауқымын кеңейту жөніндегі ниетін құптаймыз, — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Чжао Чжэнсян China National Machinery Import & Export Corporation өзара тиімді шарттарда бірлескен жобаларды әзірлеуге және жалпы орнатылған ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін айтты.

— Біз серіктестерімізбен егжей-тегжейлі талқылау өткізіп, қаржылық институттарымыздың қолдауын алдық. Бұл біздің үлкен қызығушылығымызды көрсетеді. Аталған жобаларды жүзеге асырған жағдайда Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосу үшін жергілікті мердігерлермен және тауар жеткізушілермен келісімшарт жасаймыз, — деді CMC вице-президенті.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz