«Еңбек жолы-2023» байқауының өңірлік кезеңінде «Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымында петропавлдық Әлібек Уатаев жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік кезеңде жеңіске жеткен Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкері Әлібек Уатаевтың өндіріс ошағында жұмыс істеп жүргеніне 3 жыл болды. Осы уақыт аралығында маман өзін жақсы қырынан танытып, қызметінде учаске шебері лаузымына дейін өскен.
— Әлібек Уатаев жоғары оқу орнын аяқтап, бірден біздің зауытқа қызметке орналасты. Қысқа уақыт ішінде білгенін-түйгенін тәжірибе жүзінде көрсетіп жүр. Әрине біздің кәсіпорында білікті кадр тапшылығы байқалады. Дегенмен бұл мәселені шешуге болатынына сенімдімін. Енді Әлібектің «Еңбек жолы — 2023» байқауының шешуші кезеңінде шеберлігі тексеріледі. Онда да ол жеңіске жетеді деп ойлаймын, — дейді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ цех басшысы Евгений Ушаков.
«Еңбек жолы-2023» байқауына 600-ге тарта өтініш түсіпті. Республикалық байқаудың қорытындысы қыркүйек айының соңында жария етілмек.