Облыстық кардиология орталығының шатырынан түтін шығып, оқиға орнына дереу өртсөндірушілер жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 11:51-де құтқарушылардың «101» пультіне Васильев көшесі, 123 мекенжайы бойынша орналасқан емдеу мекемесінің шатырынан түтін иісі шығып тұрғаны жайлы ақпарат түскен. Оқиға орнына 15 бірлік техника, өрт сөндіру бөлімдерінің 50 қызметкері жөнелтілді.
— Төтенше жағдай орын алған жерден 60 адам эвакуацияланды. От лифт шахтасынан байқалды. 0,5 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазіргі уақытта қызыл жалынның шығу себептері анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ, — дейді департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Амангелді Әуесханов.