Жолдауға солтүстікқазақстандықтар үн қосты

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетте Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған жолдауына солтүстікқазақстандықтар үн қосты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі. 

Мемлекет басшысы жолдауда барлық саланы қамтып, әрқайсысына жіті тоқталды. Мұны жерлестеріміз де айтып отыр.

 — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген барша  жандарға үлкен міндеттер артып отыр. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамының  ұжымы  Президент Жолдауын  ұйымшылдықпен  тыңдады.

Президентіміз елдің болашағын нығайту үшін экономикалық серпіліс жасау қажеттігін және оған толық мүмкіндігіміз бар екендігін жеткізе отырып,  біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өту қажеттігін алға тартты. «Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Болашақта ел экономикасын әртараптандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылмақ.  Осы ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер мен  тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударылатын болады. Президент сөзімен айтсақ, «жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру қажет».

«Петропавл ауыр машина жасау зауытының» да көздегені осы. Зауытты жандандыру, еңбеккерлердің қатарын көбейтіп, ел экономикасына елеулі ықпалы бар бағыттарды дамыту мақсатын біздің кәсіпорын да алға қойып отыр.  Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өндірісті дамытуға серпін беретін тың жобалар қолға алынуда. Солардың бірі жақында тұсауы кесілген  ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру ісі.

«Жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуге тиіс», – деді Қасым-Жомар Тоқаев маңызды құжатта. . Бұл ретте елдің әлеуметтік-экономикалық  дамуына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпорындарға материалдық, моральдық қолдау көрсетудің маңызы зор. Біздің алға қойған мақсатымыз «үкімет – бизнес – халық» тізбегінде жұмыс істеп, елімізді биік белестерден көрсету, — дейді «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның бас директоры Арман ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.

 

— Ел экономикасын қарқынды дамытуда ауыл шаруашылығының ерекше рөлге ие екеніне баса назар аудартқан Мемлекет басшысы ауыл-аймақтың әл-ауқатын көтеріп, әлеуметтік-экономикасын жандандыру үшін шағын шаруашылықтарды қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасының қажет екенін айтты.

Қазақстанның  Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу мүмкіндігін еліміздің стратегиялық маңызды мақсаты ретінде алға қойған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттеді. Өңделген өнім үлесі артса, экспортқа шығатын өніміміз де артып, ішкі нарықты да тұрақты ұстап тұруымызға мүмкіндік бар. Бұл ретте Президент осы мәселеге байланысты салық саясатының қайта қаралатынын атап өтті. Тиімді салық саясаты арқылы қажетті көлемде өнімін ұсына алатын кәсіпорындардың жұмыс істеуіне де жол ашылады. Сонымен бірге, Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізді. Бұл дегеніңіз өңірлердегі  жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тетігі болары сөзсіз. Ауыл шаруашылығы мәселесін сөз ете отырып  Мемлекет басшысы біздің өңірдің жетістіктеріне де тоқталды. «Өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда егін шаруашылығына қатысты да маңызды мәселелер көтерілді. Президент егін шаруашылығында маңызды реформалар жасау керегін, егіс түрлерін көбейтіп, пайдасы мол дәнді-дақылдарды көптеп өсіру қажеттігін айтты.  Биылғы Жолдауда айтылған маңызды тақырып – агроғылымды дамыту. Бұл ретте де Мемлекет басшысы ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру қажеттігін  мәлімдеді. «Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Отандық ғылыми-тәжірибемен қатар шетелдік тәжірибелерді де қолдана отырып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында үлкен бір серпіліске қол жеткіземіз деп сенемін, — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім жетекшісі Бақтияр ТОҚЖІГІТОВ.

Жолдауда жастарға қатысты біраз сұрақ көтерілді. Әсіресе, жоғары оқу орнын тамамдап, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің мәселесі әлі күнге дейін өзегін жоймай келеді.

— Жолдауда  кадр тапшылығы мәселесі де айтылды. Шынында да еліміз білікті, білімді, жаңашыл мамандарға мұқтаж. Ал мұндай мамандарды ең алдымен жастардың арасынан іздеу керек. Ел әсіресе мемлекеттік қызметке жанашыр жастардың келгеніне қуанады.

Университетті енді ғана тамамдаған түлектердің жұмыс таба алмай қиналып жататыны жасырын емес. Осыны шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орындарының жұмыс берушілермен тығыз  байланыс орнату керектігі туралы айтты. Меніңше оқу орындары сенімді, түлектерге қолайлы жағдай жасап, ұзақ мерзімге тұрақты жұмыс ұсына алатын кәсіпорындармен  байланыс орнатқаны жөн. Сонда қолына диплом алғандар әр мекеменің есігін қағып қиналмас еді.

Мемлекет басшысы жастарымыздың бойынан табылуы тиіс қасиеттерді айқындап, кейінгі буын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, ақылды болуы керектігін атап көрсетті.  Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру бүгінгі ұрпақтан басталады. Өз кезегінде менің қатарластарым да Қазақстанның  әлемде лайықты орнын алып, алға дамуына үлесін қосады деп сенемін, — дейді Уәлиханов ауданының еріктісі Гүлназ ЖҮНІСБЕКОВА.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz