Білім күніне орай Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұлан академиясында салтанатты шара өтті. Биыл жоғары әскери ордасына 206 курсант пен 12 магистрант оқуға түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов қатысып, профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттарға сәттілік тіледі.
— Біз Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздікті нығайту саласында жүргізіп жатқан реформаларға куә болып келеміз. Уақыт көрсетіп отырғандай, Қазақстан Республикасына бұрын-соңды болмаған құқықтық тәртіп әскерлерінің жоғары кәсіби офицерлік корпусы қажет. Сол себепті әскери білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістер мен реформалар қажеттілігі туындады.
Академияның жеке құрамы, әсіресе оқу-тәрбие процесін жетілдіру жөніндегі профессорлық-оқытушылар құрамының көп жылғы еңбегі біздің ЖОО –ның дамуының жаңа кезеңіне шығуына мүмкіндік берді. Бүгіндері түлектеріміз еліміздің қорғаныс саласына тиесілі әскери бөлімдерде қызмет етіп келеді. Қатарымызға қосылған жас курсанттар да өз елінің патриоттары болып, еліміздің берік қорғаны бола алатынына сенімдімін, — деп атап өтті генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Шарада академиясының ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожахметов және академия тыңдаушысы, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері капитан Ербол Отарбаев да жеке құрамды Білім күнімен құттықтады.
Академия базасында сегіз мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады, оқыту он кафедрада жүргізіледі. Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұлан мен басқа да күштік ведомстволардың офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтеді. Биыл магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО қабырғасында оқитын офицер-тыңдаушыларды алғашқы қабылдау жүзеге асырылды. Бұл өткен жылдың ақпан айында оқу орнына академия мәртебесін бергеннен кейін мүмкін болды.