Қытайдың солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің 13 студенті М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алмақ. Солтүстікқазақстандық 11 өрен Қытайға оқуға аттанады. Білім ордасына Қытайдан арнайы делегация келіп, екіжақты келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Біз Қытайдағы университетпен 2018 жылы тығыз қарым-қатынас орната бастадық. Бүгінде бірлескен жобаны қолға алып отырмыз. Қытайлық жастар агрономия, азық-түлік қауіпсіздігі, агроменеджмент және агробизнес бағыттары бойынша білімдерін тереңдетпек. Болашақта магистратура бойынша қос дипломдық бағдарламаларды іске қосу жоспарлануда, — деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы-ректор Рената Апергенова.
Қос дипломдық бағдарлама жүзеге асқан жағдайда қытайлық студенттер жергілікті университетті 1 семестр, ал Қытайда жерлестеріміз 3 семестр бойы білім алмақ.
— Біз ауыл шаруашылығы және ғылыми инновацияларға бағытталған «Жібек жолы» альянсы құрылған уақытта СҚУ-мен ынтымақтастық орнатамыз деп шешкен едік. Бүгін тың жобамыздың құжатын әзірлеп, екіжақты келісімшартқа қол қойдық. Университетте агро салаға қажетті мамандықтар даярлануда. Әріптестік байланыс қос тарапқа да тиімді деп санаймын, — дейді Қытайдың солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің вице-президенті Луо-Джун.