Петропавлда шайбалы хоккейден жастар командалары арасында ел кубогының ойындары өтуде. «В» тобындағы солтүстікқазақстандық «Құлагер» өскемендік «Торпедомен» кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Спорт сарайында өткен кездесуде номиналды алаң қожайыны саналған «Торпедо» командасы құлагерліктерді 5:1 есебімен ұтты.
Алғашқы минуттардан бастап өскемендіктер шабуылға шықты. Көп ұзамай «Торпедо» ойыншылары есеп ашты. Шайба авторы — Антон Глухих. Кейін жерлестеріміз естерін жиғандай көрінді. Солтүстікқазақстандықтар таразы басын теңестіруге амал жасап, нәтижесінде Сергей Горбаньнің соққысы қақпаға дәл тиді. Ойынның бірінші бөлімі аяқталуына санаулы минуттар қалғанда торпедолықтар сапында Диас Рысбеков көзге түсті. Осылайша есеп 2:1-ге дейін жетті.
Екінші кезеңде «Торпедо» ойыншылары есепті еселеуге мүмкіндік алып, Никита Дубинкин шайба авторы атанды. Кездесудің үшінші бөлімінде Никита тағы бір шайбаны қақпаға дарытты. Ойын аяқталуға шақ қалғанда өскемендіктер сапында Кирилл Хан матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп 5:1, жерлестеріміз «В» тобында екінші ойында қатарынан екінші жеңіліс тапты.