Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, барлық түрлі саладағы меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы ұлғаймақ.
Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптасады.
— Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 2 есе ұлғайтылмақ. Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі «жалақысы төмен» жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Осының нәтижесінде барлық салаларда түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы өседі, — делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.