Облыста табиғи монополияларды реттеу департаменті «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің жаңа тарифтерін бекітті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Монополист компания алдағы уақытта тарифтердің бағасын көтеретінін мәлімдеді. «Севказэнергосбыт» серіктестігінің мәліметінше, жақында бірыңғай сатып алушының тетігін енгізу, электір энергияны өндіру-тұтынудың теңгерімдеу, ұлттық желіні пайдалану құнының өсуі сынды себептер негізгі болып отыр.
Қызмет құны бір киловатқа 23,06 теңгені құрады.
Департамент өтінімді қарап, «Севказэнергосбыт» ЖШС-ның жобасында көрсетілген бағаны бір киловат үшін орта есеппен 21,13 теңгеге дейін төмендетті.
Осылайша, 1-топқа кіретін электр энергияны тауарларды өндіруге қолданатын және тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланатын тұтынушылар бір киловат үшін 14,28 теңге төлейді. Ал 2-топқа электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланбайтын тұтынушылар бір киловат үшін 24,23 теңгені төлеуі шарт. 3-топта мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар бір киловат үшін 30,29 теңге сома қарастырылған. 4-топта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер жатқызылған. Олар бір киловат үшін 21,13 теңге деген баға бекітілді.
Тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясының құны 1,03 теңге/кВт-қа қымбаттады. Жаңа тариф қыркүйектің 11-нен бастап өз күшіне енді.