СҚО полиция департаментінде ашық есік күні өтті. Оған 200-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шараға қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен колледждердің студенттері жиналды.
Арнайы мақсаттағы жасақтардың қару-жарақ үлгілері жастар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Сондай-ақ қонақтар оқиға орнында ауқымды зерттеулер жүргізуге қауқарлы криминалистикалық лабораторияның жұмысын, интеллектуалдық көше қиылысының макетін көрді. Бұдан бөлек, оқушылар назарына автоматты жылдамдық өлшеуіші бар патрульдік көлік, кинологиялық қызмет орталығының, медициналық бөлімнің автокөліктері қойылды.
Оқушыларға жыл басынан бері облыста иісшіл иттердің көмегімен 262 қылмыстың беті ашылғаны туралы айтылды. Төртаяқтылардың арқасында заңсыз айналымнан 113 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді.
– Көрмеге келушілер ведомстволық музейде өңірдің ішкі істер органдарының тарихымен, жедел басқару орталығының қауырт жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Полицияда қызмет атқару – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлесін қосқысы келетін азаматтар үшін жақсы мүмкіндік, – дейді СҚО ПД КСБ Абылғазы Ғабдуллин.