Жыл басынан бері облыста мал ұрлаудың 15 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жергілікті полиция қызметінің ақпаратына сәйкес, қаңтар айынан бастап облыстағы 230 арнайы орынға 8225 бас қаңғыбас мал жеткізілді. Сондай-ақ үй жануарларын бағу ережелерін бұзған2243 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СҚО ПД тергеу басқармасының мәліметінше, облыста 8 айдың ішінде 15 мал ұрлығы тіркелді. Оның екеуі мал еркін жайылып жүрген уақытта жасалған. Басқа фактілерде тұяқтылар қамаулы тұрған жерінен ұрланған.
– Қора-қопсыны нығайту, мықтылап жасау мал ұрлығының алдын алуда жақсы көмек. Облыс тұрғындарын төрт түлікті бағып-қағуға жауапкершілікпен қарауға, оларды қаскөйлердің әрекеттерінен барынша қорғауа шақырамыз. Қылмыс болған жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет. Сол арқылы қылмыстың “ізін суытпай” ашуға мүмкіндік көп болады, – дейді СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.