— Өздеріңіз білетіндей, биыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажет шара қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзімде барынша үлгеріп қалу керек, — деді Әлихан Смайылов.
Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа-райының қолайсыздығына байланысты мемлекет басшысы үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажет көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.
- Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөледі. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек, — деп атап өтті Премьер-министр.
— Біздің міндетіміз – егінді сапалы жинап алуды қамтамасыз ету, — деп түйіндеді ол сөзін.