2024 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда паспорт пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Бүгіндері облыста бұл үрдістен 48 солтүстікқазақстанддық өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет атқаратын СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері де жаңашылдықтарды енгізуге дайындалуда. Бұл мақсатта арнайы сканерлер орнатылып, сынақ режімінде жұмыс істеуде.
СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, дактилоскопиялық тіркеу Қазақстанды цифрландыруға арналған бағыттың маңызды бөлігі болып саналады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында айтқан еді.
Егер кез келген адам құжаттарын жоғалтса (өртте немесе кез-келген басқа жазатайым жағдайда, тіпті шетелде құжаттарын жоғалтса) дактилоскопиялық тіркеудің арқасында ол құжаттарды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіре алады. Бұл жүйенің арқасында есте сақтау қабілетін жоғалтқан немесе ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген азаматтың жеке басын оңай анықтауға болады. Осылайша, жаңашылдық адамның мүдделерін қорғауға, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ең бастысы, бұл заңсыз құжат ресімдеу фактілерін болдырмайды. Деректер қорында тек саусақ іздерінің цифрлық моделі және бірегей идентификатор сақталады. Тегі, аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты дербес деректері сақталмайды.
Қазіргі уақытта жүйе сынақ режімінде жұмыс істеуде. Көші-қон қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталығына келетін адамдарға дактилоскопиялық тіркеуден өз қалауымен өтуге болатындығын түсіндіруде.