«Amanat» партиясының мүшелері «Қызылжар су» кәсіпорнына барып, еңбек әулеттерін Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Amanat» партиясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Визеровтар мен Голодниковтар әулеттерінің мүшелері 1959 жылдан бастап «Қызылжар су» ЖШС-де жұмыс істеп келеді. Еңбек күніне орай олардың қажырлы еңбектері бағаланды.
«Қызылжар су» кәсіпорнында Визеровтар отбасының жалпы еңбек өтілі — 103 жыл. Алдымен серіктестікке жүргізуші болып, Владимир Викторович жұмысқа орналасты. Кейін оның ізін екі ұлы басып, екі немересі басты.
— Университеттен кейін менде қайда жұмыс орналасам деген сұрақ тумады. Алдымен мен мұнда экономист болып орналастым. Қазіргі күні су бұру кешенінің бастығы болып жұмыс істеймін, — дейді Вячеслав Визеров.
Кәсіпорында қызмет етіп жүрген әулеттің бірі – Голодниковтар отбасы. «Қызылжар су» ЖШС-де бұл шаңырақтың жалпы еңбек өтілі 97 жылды құрап отыр.
— Визеровтар мен Голодниковтардың еңбек әулеттері кәсіпорынның ажырамас бөлшегіне айналды. Олардың еңбектерінің жемісін қала тұрғындары күнде көріп жүр. Сіздер халықты сапалы таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырсыз. Еңбегіңіз алдағы уақытта елене берсін. Шөберелеріңіз де іздеріңізді басатынына сенімдімін, — деді «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.