СҚО әкімі болып Ғауез Нұрмұхамбетов тағайындалды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімін таныстырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Олжас Бектенов депутаттарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев пен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтің кандидатураларын ұсыну туралы Қазақстан Республикасы Президентінің хатын оқып берді.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 56 депутат Сәтжан Аблалиевке, ал 118 депутат Ғауез Нұрмұхамбетовке дауыс берді. Жиналысқа барлығы 174 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Өңір активіне жаңа әкімді таныстырған Олжас Бектенов Ғауез Нұрмұхамбетовтің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарғанын және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Президент Әкімшілігінің Басшысы өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа алғыс айтты және оның басшылығымен аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны артқанын, жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, туризм саласын ілгерілету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына ерекше назар аударылды. Облыстың жаңа басшылығына өңір экономикасын одан әрі дамыту, тұрғындарды сапалы ауызсумен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, медицинаны дамыту, сондай-ақ екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің жауапты қызметіне табыс тіледі, сондай-ақ ол өңірді өркендетуге, дамытуға өз үлесін қосады, облыс тұрғындары мен Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтайды деп үміттенетінін айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz