Жыл басынан бері облыс прокуратурасы 2 214 кәсіпкердің құқығын қорғады. 186 қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде 14 адам жауапқа тартылды, 787 заңсыз құқықтық акті мен 90 шектеу шарасы жойылды, 3 заңсыз тексерулер тоқтатылды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 162 қаулы жойылды, 1 млрд. теңгеден астам шығын өтелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкері тыңайтқыш алу үшін субсидияға өтінім берген. Бірақ, неге екені белгісіз, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы төлем жасамай, оны тоқтатып қойған. Прокуратура органдары 2 млрд. теңгеден астам сомадағы субсидияны беру заңсыз тоқтатылғанын анықтады. Субсидия төлеуді тоқтатуға негіз болған мемлекеттік органдардың шешімдері прокурорлық қадағалау актілері бойынша жойылды. Бұл іске қатысы бар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, кәсіпкердің құқығы 948 млн. теңге сомасында субсидия төлеу арқылы қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта оған қалған соманы беру бойынша жұмыс жалғасуда.
— Біз заң аясында төлемді тоқтатуға болмайтынын анықтадық. Бұл мәселеде заңсыздыққа жол берген жандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды, — дейді облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Тимур Құртаев.
«Мельница сауда үйі» серіктестігінің қаржы директоры Ольга Исакованың айтуынша, ол ұзақ уақыттан бері қосымша құн салығын қайтара алмай отыр. Мемлекеттік органдар төлемді қайтаруды кешіктірген.
— Біз 4-ші және 1-ші тоқсандар үшін қосымша құн салығын қайтару туралы өтініш бердік. Олар оны мақұлдады. Өтінішті 31 тамызда жібердік. Бірақ, ақша шотымызға әлі күнге дейін түскен жоқ. Бұл мәселені кемлекеттік кірістер департаментіне хабарлаған болатынбыз. Ондағы мамандар қазынашылықтың аудармағанын айтты. Қазынашылықтағылар болса «Қаржы министрлігі ақша бөлген жоқ» деп отыр. Қаржының қашан қайтарылатындығын білмейміз, — дейді Ольга Исакова.
Бизнес субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мәселесі облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.