Петропавлда жүргізген полицейлер рейд кезінде көшеде мас жүрген он шақты баланы анықтады. Олардың бірі есірткі пайдаланған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық ювеналды полицейлер жоғалған 15 жастағы қызды іздеп рейдке шыққан. Көп ұзамай жасөспірім аман-есен табылды.
Қыздың айтуынша, ол телефонның даусын естімеген. Бірге тұратын әжесі уайымдап, не істерін білмей, әбден абдыраған.
— 22-24 қыркүйек аралығында облыста «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Рейдке сақшылармен бірге білім беру және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысты. Үш күн ішінде облыста түнгі уақытта көшеде жалғыз жүрген 49 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.
Бұдан бөлек, ата-ана міндеттерін орындамаған 25 адам жазаланды. Мас күйде ұсақ бұзақылық жасаған 10 бала анықталды.
24 қыркүйекке қараған түні тыныштықты бұзу фактісіне келген петропавлдық полицейлер Қазақстан Конституциясы көшесінде ашуға берілген 14 жастағы жасөспірімді көреді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, ол есірткілік масаң күйде болған. Кейін жасөспірім облыстық балалар ауруханасына орналастырылды.
Полиция қызметкерлері оның тәртібі мен әрекетін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау үшін материалдар жинап жатыр.
— Сондай-ақ іс-шара аясында 4 жасөспірім мен қолайсыз 16 отбасы есепке қойылды. Олармен тиісті күнделікті жұмыстар жүргізілетін болады. Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар тарапынан болатын және оларға қатысты жасалуы мүмкін қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.. Ересектерден кәмелетке толмаған балаларының бос уақытын бақылап отыруды, оларды тәрибелеуге белсенді қатысуыларын сұраймыз, — дейді Айдын Байматов.