Жыл соңына дейін жастарға 29 шағын несие беріледі

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Жыл басынан бері Петропавлда 4590 қала тұрғыны еңбекпен қамтылып, 2168 жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 4590 адамның 3685-і тұрақты жұмыспен қамтылса, уақытша еңбек етуге 905 тұрғын тартылды. Сондай-ақ бүгінгі таңда кәсіби даярлықтан өтуге 49 азамат жіберілсе, оның 35-сі оқу курстарын тамамдады. Басым бөлігі аспаз, тігінші және шаштараз мамандықтарын меңгерген. Қазан айында тағы 60 жұмыссыз арнайы оқу бағдарламаларына тартылмақшы.

Петропавлда екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырларымен танысуға мүмкіндік беріліп отыр. Қазіргі уақытта бизнес жүргізу бойынша 305 адам арнайы сертификатқа ие болды.

– Мемлекет тарапынан өз кәсібін дөңгелеткісі келетін азаматтарға арнайы гранттар да қарастырылған. Бүгіндері 24 қала тұрғыны грант иегері атанып, оларға 32 млн. теңге бөлінді. Қаржылық қолдауға ие болғандардың арасында 7 петропавлдықтың отбасында мүмкіндігі шектеулі балалар, жетеуі көпқабатты отбасылардың мүшесі, төртеуі атаулы әлеуметтік көмек алып жатса, 6 тұрғынның мүгедектігі бар, — дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Жыл соңына дейін Мемлекет басшысының жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында берілген тапсырмаға сәйкес, Петропавлда жас азаматтарға қарастырылған 29 шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 145 млн. бөлінеді.

– Қазіргі күні жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын 14 шағын несие берілді. Оның жалпы сомасы – 66,5 млн. теңге, — дейді қала әкімі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz