Облыста «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ филиалының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, филиалдың басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алған.
– Пара сомасы 100-ден 500 мың теңгеге аралығында болған. Бұл ақшалай қаражат 2021-2025 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды беру мәселесін оң және кедергісіз шешуге арналды, — делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта күдікті Петропавлдың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.