Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ел тарихында тұңғыш рет еркін күрестен әлем чемпионы атанған жерлесіміз Ризабек Айтмұханды құттықтап, сый-сияпатын табыстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен салтанатты жиынға өңірдің спорт саласы қызметкерлері мен ардагер-спортшылары жиналды. Шарада бірінші болып сөз алған Ғауез Нұрмұхамбетов еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханды құттықтады.
— Биылғы күрес түрлері бойынша өткен әлем біріншілігінде өңір намысын Нұрқожа Қайпанов қорғады. Сондай-ақ Уәлиханов ауданының тумасы Ризабек Айтмұхан да қатысып, ел тарихындағы алғашқы алтын жүлдені қанжығасына байлады. Бұл — керемет нәтиже. Жерлесіміз байрақты бәсекелерді әлі де талай жеңістерге жететініне сенімдімін. Ризабектің жолын өзге де жас балуандарымыз жалғап, барша солтүстікқазақстандықтарды қуантады деп ойлаймын, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты шарада ардагерлер де ізгі лебіздерін жеткізді. Кейін облыс әкімі Ризабек Айтмұханға 3 млн. теңгелік ақшалай сертификатты табыстады. Өз кезегінде чемпион алдағы уақытта Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысу үшін Азия біріншілігінде топ жару үшін барын салатынын айтты.
— Ендігі мақсатым — Париждегі Олимпиада ойындарына қатысып, көкбайрағымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқату. Дегенмен ол үшін ел және Азия біріншіліктерінде жақсы өнер көрсету қажет, — деді Ризабек Айтмұхан.
Жиында әлем чемпионын тәрбиелеген ата-анасы да назарсыз қалмады. Оларға естелік сыйлықтар табысталды.