Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында «Қарлығаш» әйелдер тігін клубы ашылды. Онда қыз-келіншектер тігін ісінің қыр-сырымен етене таныса алуға мүмкіндік алмақ, Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тың жобаны өңірге танымал дизайнер Зарина Черняева қолға алды. Оның сөзінше, клуб әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр. Жаңа орталықта көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан қыз-келіншектер тігін ісін меңгереді.
– «Қарлығаш» клубы Мағжан Жұмабаев ауданында жеңіл өнеркәсіпті дамытуға серпін береді деген сенімдеміз. Сондай-ақ көпбалалы аналар, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектер тегін түрде оқу курстарына жазыла алады, — дейді ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясаты ұлттық комиссия мүшесі Елена Семедоцких.