Биыл облыста пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланса, бүгіндері оның 126 мыңнан астамы қайтарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жердің 83,9 мың гектары ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Биыл «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының үш отырысы өтіп, тиісті мекеме өкілдерінің жерді қайтару жұмысының барысы туралы есептері тыңдалды. Сондай-ақ жер дауы бойынша жүгінушілердің өтініштері қаралды. Нәтижесінде 20-ның алтауы оң шешімін тапты. Мәселен, Шал ақын ауданы Балуан және Ақсу ауылдары тұрғындарының мал жаюға арналған жайылымдардың тапшылығы мәселесі бойынша Семиполка ауылдық округі әкімдігі «Асыл логистик» ЖШС-мен оларға берілген жайылымдарды пайдалану жөнінде меморандум жасалды. Ал Қызылжар ауданы Бугровое ауылының тұрғыны «Шағала Агро» ЖШС-нің жер үлесі үшін төлемақы берешегі мәселесі бойынша жүгінді. Қабылдау барысында мәселе шешілді. Өтініш берушіге төлемақы толық көлемде төленді.