Түркістан қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасұлы жүлдесіне арналған Азия кубогы өтіп жатыр. Жарыста солтүстікқазақстандық балуан Алтынбек Аусағитов күміс медальді еншіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Екі күнге шақталған жарыс Түркістан қаласының «Олимпик арена» спорт кешенінде өтуде. Турнирге сарықұрлықтың 7 мемлекетінен 85 білекті спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстаннан бөлек, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның балуандары да бар.
Азия кубогында жерлесіміз Алтынбек Аусағитов 100 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Солтүстікқазақстандық спортшы 4 кездесу өткізіп, ақтық сында моңғолиялық қарсыласы Жандос Болошаққа есе жіберді. Осылайша «Қызылжар арландары» клубының өкілі күміс медальді қанжығасына байлады.