«Солтүстік» ӘКК Қызылжар ауданында тұрақтандыру қорының алғашқы сауда нүктесін ашты. «Солтүстік» ӘКК» АҚ Қызылжар ауданы Бескөл ауылында тұрақтандыру қорының сауда нүктесін ашты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін тұрақтандыру қорының 7 сауда нүктесі жұмыс істеген. Олардың барлығы облыс орталығы Петропавлда шоғырланған. Енді мұндай сауда-саттық павильоны Бескөлде де ашылды.
Ауылдағы сауда нүктесінде күріш, қарақұмық, макарон, 1-ші сұрыпты ұн, мейіз, қант, тұз, күнбағыс майы, 1-ші санаттағы жұмыртқа, картоп, қырыққабат, сәбіз, тауық еті саудаланады. Өнімнің құны нарықтық бағадан әлдеқайда арзан.
Павильонның сатушысы Елена Лукинаның айтуынша, дүкеннің тауарына сұраныс бар. Шамамен бір күннің ішінде 30-дан астам тұтынушы келген.
Тұрақтандыру қорының өнімдері саудаланатын дүкен Бескөлдің Гагарин көшесі, 6а мекенжайы бойынша орналасқан.
Петропавлда тұрақтандыру қорының сауда нүктелері «Дария», «Алтын арман», «Тайга», «Алматы-Петропавл», «Қызылжар» базарларында, «Корона» және «Океан» сауда үйлерінде жұмыс істейді.