Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шал ақын мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барып, тұғындармен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сергеевкада өңір басшысы аудан тұрғындарымен жүздесіп, олардың бұйымтайларын тыңдады. Кездесуде ауылдықтар жылу қазандығын салу және қалаішілік жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді.
Белгілі болғандай, биыл Сергеевкада заманауи сүт фермасы және жабық хоккей корты халы0 игілігіне беріледі. Кейін аймақ басшысы Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Червонное ауылына барды. Онда Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Ал Ставрополка ауылында су торабы мен желілер салынып, 80 үйге инфрақұрылым тартылды.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимкада жаңа қазандық салынып, жылу желілерін тарту бойынша жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 130 нысан орталық жылу жүйесіне қосылмақшы.
– Сапар аясында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның диқандарымен кездестім, әңгіме барысында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтылды. Облыстағы ең үлкен сүт фермасы болып саналатын — «Возвышенка СК» серіктестігінің де жұмысымен таныстым, – деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өңір басшысы.