Облыстық прокуратура Тимирязев ауданының орталығы Тимирязево ауылында су тарифін негізсіз жоғарылатудың фактілерін анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, табиғи монополиялар субъектісі «Табиғи монополиялар туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы тамызға дейін уақытша тарифтің қолданылу кезеңінде тұрғындардан сумен жабдықтау қызметтерінің бір текше метрі үшін 59,79 теңгенің орнына 88,45 теңге мөлшерінде ақы алды.
– Халық тіршілік нәрін пайдалану үшін белгіленген сомадан 32 пайыз жоғары соманы төлеп жүргені анықталды. Монополист заңсыз әрекетінен 5,8 млн. теңге көлемінде пайда көрген. Аудандық қадағалау органының актісі бойынша облыстың табиғи монополияларды реттеу департаменті Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабы бойынша халық үшін су құнын бір текше метрі үшін 59,79 теңгеге дейін, ал басқа тұтынушылар 524,34 теңгеге дейін төмендетті. Уақытша тариф енгізе отырып, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты, – делінген облыстық прокуратураның мәлімдемесінде.