Облыста “Zhas Project” әлеуметтік жобасы іске асырылмақ. Тың бастама 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жандарға арналған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Талап бойынша бұл санаттағы азаматтар әлеуметтік жобасы үшін мемлекеттен бір млн теңге көлемінде сыйақы алады. Қаражат кәсіп ашуға бағытталуы тиіс.
– Өткен жылы “Zhas Project” жобасы қанатқақты режимде кейбір облыстарда ғана жүзеге асырылды. Биыл жоба еліміздің барлық аймағына таратылды. Осы ретте 280 грант бөлінді. 1 грант – бұл 1 млн теңге. Өтінімдерді қабылдау 9 қазаннан басталды. Барлық талаптар мен ұсыныстар жобаның ресми сайтында жарияланды. Өтінім беру үшін өтініш тастап, тиісті құжаттарды тапсыру қажет. 22 қазан күні өтінімдерді қабылдау науқаны аяқталады, – дейді “Қазақстанның даму қауымдастығы” ЗТБ атқарушы директоры Анар Бітебаева.
Биыл өңірімізге 8 грант бөлінген. Сондықтан талап жоғары болмақ. Өтінімдер қаралғаннан кейін арнайы комиссияның отырысы өтеді. Онда үздік жобалар таңдалып алынады. Әсіресе жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселені шешуге арналғандарға басымдық берілмек. Грант қаржысы азаматтарға 2 ай ішінде беріледі. Сонымен қатар грант иегерлері арнайы оқытудан да өтеті.