СҚО-да ювеналдық полицейлер ойын клубтары мен көңіл көтеру орындарын тексерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полицейлер сағат 23:00-ден кейінгі түнгі рейдтерді өткізді. Олар ойын клубтарына, көңіл көтеру орындарына, аулаларға, жасөспірімдер жиналатын басқа да орындарға барды.
– Жыл басынан облыста 500-ден астам рейдтік іс-шара жүргізілді. Кәмелетке толмағандардың үй-жайдан тыс және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін 2418 заңды өкіл мен балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа ата-ана құқығынан айыру бойынша 90 материал жолданды, олардың 44-і қанағаттандырылды. Жасөспірімдер түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болғаны үшін олардың 21 иесі, сондай-ақ 21 жасқа толмаған тұлғаларға темекі өнімдерін сатқаны үшін сауда орындарының 42 иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Жыл басынан профилактикалық есепке 35 кәмелетке толмаған қойылды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және түнгі рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.