Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалық етуімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күн тәртібінде «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтің мәліметі бойынша кәсіпорын қызметінде 10 жемқорлық тәуекелі анықталып, орын алған бұзушылықтарды жою үшін 18 ұсыным әзірленген.
— Орынсыз жоспарлаудың салдарынан облыс орталығының көшелерін, жертөлелерді және шағынаудандарды судың басуы жиі кездеседі. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік объектілерді салу жобаларын әзірлеу кезінде құрылыс салушылар су ағындарын есепке ала бермейді. Сондай-ақ қолданыстағы кәріз желілеріне техникалық құжаттамалардың жоқтығы салдарынан инженерлік есептеулер жүргізуге мүмкіндік аз, – деді Айдос Жүнісов.
Ведомствоаралық комиссияның отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сәулет-жоспарлау тапсырмасын келісу рәсімін толықтыруды, атап айтқанда, нысанның су, электр, жылу желілеріне, газ және сумен жабдықтауға тең дәрежеде қосылуын ескеруді ұсынды.
Мониторингтік талдау барысында жол жөндеу барысында ағыс бұрмаларына инженерлік есептеулердің жүргізілмейтіндігі анықталған. Нәтижесінде асфальт тесіліп, ақаулар пайда болған.
Қалалық әкімдікке аталған кемшіліктерді шешу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру ұсынымдары беріліп, шешімнің орындалуын жеке бақылауға алу тапсырылды.