Петропавлда 1966 жылдан бері жаңасына ауыстырылмаған кәріз коллекторы істен шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қызылжар су» кәсіпорны мамандарының айтуынша, кәріз коллекторының нормативтік пайдалану мерзімі 25 жыл болуы тиіс. Алайда жарылған құбырдың қолданыста жүргеніне 57 жылдан асты.
— 2019 жылдан бері бұл учаскені жөндеу бойынша құжат беріп келеміз. Қазір жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. Осы уақытта апат орнын зерттеп және жұмыс көлемін, қандай материал керек – анықтап жатырмыз. Осыдан кейін қалыпқа келтіруге кірісеміз. Бұл коллектормен 1990 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Содан бері бірнеше рет жөнделді. Жарылған кәріз коллекторына 200-ге жуық үй қосылған, — дейді «Қызылжар су» ЖШС-ның кешен бастығы Вячеслав Визеров.
Вячеслав Визеровтың айтуынша, кеше көпқабатты үйлердің тұрғындарынан жертөлелеріне су кірді деген шағымдар түсті. Маман бұл мәселенің апатқа еш қатысы жоқ екенін алға тартуда.
— Үйлердің жертөлелеріндегі ішкі кәріз құбырларының герметикасы нашар болған. Кешегі апатты коллектордың істен шығуымен байланыстыруға болмады, – дейді Вячеслав Визеров.
Қазіргі уақытта мердігерлер Петропавлдағы Жуков көшесіндегі коллекторды ауыстыруға іске кірісті, 3 км жаңғыртылады. Одан кейін Абай көшесіндегі нысан жөнге келтіріледі.