Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде волейболдан ерлер командалары арасында ҚР кубогының финалы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
31-рет ұйымдастырылып отырған ел кубогы турнирінің финалында биылғы жылғы Қазақстан чемпионы «Павлодар» мен «Есіл» (Петропавл) клубтары кездесті.
Ұлттық лига командалары арасында биыл 5-орыннан көрінген «Есілдің» финалға шығуы күтпеген жағдай еді.
Финалдық бәсеке де тартысқа толы болды. Жерлестерімізде жеңіске жететіндей мүмкіндіктері бар еді. Бірақ шешуші сәттерде сәтті ойнай білген Игорь Никольченко жаттықтыратын павлодарлықтар 3:2 (22:25, 25:20, 20:25, 25:19, 18:16) есебімен жеңісті жұлып алды. Осылайша, «Павлодар» клубы чемпиондық атаққа қоса ел кубогіне ие болды.