Мамлют ауданы арқылы өтетін «Мамлютка — Қостанай» республикалық маңызы бар автожолда «Audi» мен «МАЗ» көліктері соқтығысып, жеңіл теміртұлпарды тізгіндеген жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы «Мамлютка-Қостанай» республикалық маңызы бар автожолының 7 шақырымында болды.
«Audi» мен «МАЗ»-дың соқтығысуы салдарынан жеңіл көліктің 53 жастағы жүргізушісі Мамлют аудандық ауруханасында көз жұмды.
«МАЗ» көлігін 33 жастағы ер адам тізгіндеген. Медициналық куәландыру оның спиртті ішімдік ішпегенін көрсетті. Көліктер арнайы тұраққа қойылды. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданбақ.